Қармақшы ауданындағы балалар лагерінің құрылысы аяқсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қармақшы ауданындағы балалар лагерінің құрылысы аяқсыз қалды

18.06.2020

Қызылорда облысы Қармақшы ауданында балаларға арналған жазғы лагердің құрылысы төрт жылдан бері аяқталмай келеді. Бір миллиард 200 миллион теңге деп бағаланған жоба енді облыс қазынасына жүк болып тұр. Ал, балаларын жаз сайын демалуға жібере алмай отырған тұрғындар құрылыс сол күйі аяқсыз қалама деп алаңдайды.  

Мәселені аудан әкімдігі назарда ұстағанымен, қаржыны облыс шешеді дейді жергілікті атқамінерлер. 2017 жылдан бері құрылыс материалдарының да бағасы шарықтап кеткен. Соған сәйкес, жоба құны қайта қаралғанымен жұмыстың жуық арада басталатын түрі жоқ.

150 орындық лагердің құрылысына осы кезге дейін қазынадан 400 миллион теңге жұмсалған. Бірақ,құрылысты жалғастыруға биыл да ақша жоқ. Мәселе шешімін таппаса, қазынаның қыруар қаржысы желге ұшпақ.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу