Ипотекасы барларға табыс салығынан жеңілдік жасалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ипотекасы барларға табыс салығынан жеңілдік жасалады

19.02.2019

Біреу білсе, біреу білмес, өткен жылдың басынан бері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» ипотекалық несие алған азаматтарға табыс салығын ұстауда жеңілдіктер бар. Салық кодексіне сай төлем кестесіндегі сыйақы сомасының 10 пайыздайын жұмыс беруші қайтарып беруі тиіс. Ол үшін тиісті құжаттарды тапсыру керек.

Жаңа салық кодексіне сай жеке табыс салығына қатысты жеңілдіктер былтыр басталды. Алайда, әлі де көп адамдар оны біле бермейді. Сонымен жалпақ тілмен жеңілдік мынадай: төлем кестеңізді ашып, ипотеканың негізгі берешегін емес, сыйақыға кететін соманы қарайсыз. Жұмыс беруші сол сыйақы соманың 10 пайызын сізге қайтарып беруі керек. Яғни, табыс салығын есептеу тәртібі өзгерді.

Мысалы, 150 мың теңге жалақы аласыз делік. Оның 10 пайызына немесе 15 мың теңгесіне және ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгесіне табыс салығы салынбайды. Енді табыс салығы салынбайтын тағы бір сома шықты. Ол - ипотеканың сыйақы мөлшері. Мысалы, жаңа айтқан 150 мың теңге жалақы алып, 80 мың теңге ипотека төлейсіз делік. Оның 60 мыңы банкке берілетін сыйақы, енді бұл сомаға да жеке табыс салығын төлемейсіз.

Олжас Отар, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы:

- Міне, 60 мың теңгені тағы да кемітеміз. Сол кезде қалатыны 32 500 теңге. 32 500 теңгеден сіздің табысыңыздың 10 пайыз табыс салығы ұсталынады. Міне, 3250 тг ұсталынады. Егер осы жеңілдік болмаған жағдайда, мына 60 мыңның 10 пайызы 6 мың теңге ғой, сонда сіз 9250 теңге табыс салығын төлейтін едіңіз. 6 мың теңге сіздің қалтаңызда қалады. Үкімет жасап жатқан осы жеңілдіктің нәтижесінде.

Бұл - жеңілдетілген табыс салығын есептеудің жалпылама мысалы. Нақты сома әр ипотеканың келісімшартына байланысты. Бірақ бухгалтерияға тапсыратын құжаттар тізімі мен өтініш үлгісі бердей. Қазір көптеген қызметкерлер бұл жеңілдікті пайдалана бастаған.

Бұл мүмкіндік тек бір ғана жұмыс орнынан беріледі. Яғни, бірнеше жерде жұмыс істесеңіз де, бір ғана жеңілдік жасалады.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу