Елордада ғасыр бұрын салынған үй апатты жағдайда тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада ғасыр бұрын салынған үй апатты жағдайда тұр

12.06.2020

Елордада ғасырға жуық уақыт бұрын салынған үй апатты жағдайда тұр. Екі жыл бұрын сүрілуі тиіс нысанда 10 отбасы тұрып жатыр.

Көктал елді мекеніндегі мына үй үш жыл бұрын апатты деп танылған. Сарапшылар баспананың жарамсыздығы 67 пайыз екенін көрсетіп қорытынды шығарған. Тұрғындардың басқа жерге көшуге жағдайы келмейді. Мұнда негізінен көпбалалы аналар мен мүгедектер тұрады.

Үйдің апатты жағдайда тұрғанын әкімдіктегілер біледі. Алайда, сүрудің кешеуілдеп жатқанын ғимараттың бір қабатты екендігімен түсіндірді. Өйткені, қаланың ең ескі ауданы саналатын – Сарыарқада жағдайы бұдан да нашар көпқабатты үйлер көп екен.

Жергілікті билік аталмыш нысанның алдағы 3 жылда сүрілмейтінін, кісілердің де көшірілмейтінін ашық айтты. Алайда, тұрғындар биліктегілерге шағым-өтінішін жазуды жалғастыра береміз деп бекініп отыр. Олар апатты үйдің бір күні құлап қалуынан қорқады.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу