Атырау облысындағы Теңіз мұнай кен орнында карантин тағы 14 күнге ұзартылды. Жылыой ауданының бас санитарлық дәрігері, кәсіпорын аумағында шектеу шараларын әлі де күшейтуді тапсырды. Жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін, бүгінде зауыт аумағынан 26 мыңдай қызметкер шығарылды. Жаңа қаулыға сай, вахталық қалашықтар арасында кешкі сағат 9-дан таңғы 5- ке дейін адамдар жүрмеуі тиіс. Кеніштен коронавирусқа шалдыққан мыңнан астам жұмысшының 700-ге жуығы қауіпті індеттен емделіп шықты.
Ақтөбе қаласында да шектеу шаралары қайта күшейтілді. Бүгіннен бастап шаһардағы интернет, компьютер клубтары, балалар атракциондары, саябақтардағы ойын алаңдары жұмысын тоқтатты. Сауықтыру лагерлері мен түнгі клубтар да жұмыс істемейді. Адамдар көп жиналатын шараларды өткізуге болмайды. Қоғамдық көліктер кешкі тоғызға дейін жүреді. Базарлардың жұмыс істеу уақыты да шектелді.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ