Елімізде соңғы 20 жылда жылқы саны 3 есеге көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде соңғы 20 жылда жылқы саны 3 есеге көбейген

11.06.2020

Соңғы 20 жылда жылқы саны 3 есе көбейді. Мал басы 3 миллионға жуықтады. Ал Тәуелсіздік тұсында соның жартысы ғана болатын. Қамбар ата түлігінің түлеуіне жан-жақты қолдау әсер еткенін айтады сала мамандары. Атап айтқанда, 2011 жылдан бері субсидия бөлініп келеді. Асыл тұқымды бір айғыр үшін 100 мың теңге, тағы биенің жем-шөбіне 20 мың теңге беріледі. Ал өндірушілерге сүттің әр литріне 60 теңгеден тиеді. Бұлардан бөлек, жылқы шаруашылығына қажет техникалар сатып алса 25 пайыздық өтеу үлесімен инвестициялық жеңілдік те қарастырылған. Бұл жәрдемнің барлығы жылқы фермалары мен салалық қауымдастықтардың ұсыныстары бойынша жасалған. Былтыр төрт мың жеті жүздей жылқы фермасы мемлекеттік қолдауға ие болды.

Ал қоғамда қызу талқыға түскен шошқа етін өндіруге берілетін жеңілдіктер екі жыл бұрын тоқтатылған. Бұл саладағы субсидия қазір асылдандыру мен өсіруге кеткен шығындарды өтеу үшін қарастырылады. Бірақ былтыр тек жалғыз шаруа қожалығы небары 6 доңыз алған. Ал асылдандырумен айналысып, сұранысы жоғары Ресей мен Қытайға экспорттайтын болса, онда қолдау бар. Бірақ әзірге оған құлшыныс байқалмайды.

Ғабит БӨКЕНБАЙ


Хабарламаларға жазылу