Аурудан айыққан қариялар дәрігерлерге алғысын айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аурудан айыққан қариялар дәрігерлерге алғысын айтты

10.06.2020

Коронавирус жас талғамайды. Алматы облысында қатерлі дертке жаңа туған нәресте де, сексеннің сеңгіріне шыққан қариялар да шалдығып жатыр. Бірақ дәрігерлердің жедел әрекет етіп, емдік шараларын дұрыс қолдануының арқасында дерттен жылдам айығып жатқандар да баршылық.

Бұл 70 жастағы Балаған Бекзатханның Талдықорғандағы инфекциялық ауруханадан шыққан беті. Балалары дәрігерлерге рахметін айтып, алғыс хат тарту етіпті. Ал кейуана, ағынан жарылып, ақ батасын берді.

Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылының ауруханасынан бірнеше қария коронавирустан жазылып шықты. Егде адамдардың ағзасы басқа да ауруларға да бейім. Сондықтан дәрігерлер қауымы тәулік бойы тік тұрып қызмет көрсеткен.

Жетісу өңірінде қатерлі дертке шалдыққан 446 адамның 300-ге жуығы сауығып шықты. Десе де, аймақта індеттің таралуы бәсеңдемей тұр.

Сондықтан карантиндік шаралар қайта күшейтіліп жатыр.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу