Бүгін мектеп түлектері үшін тарихи күн. Тұңғыш рет төртінші тоқсанды қашықтан оқып, соңғы қоңыраусыз аттестат алып жатыр. Бұл оқушы өміріндегі ең ерекше сәт болса да, карантин талабын бұзбау міндет.
Карантин талабын сақтау үшін оқушылар маска және медициналық қолғаппен келді. Аттестатты да солай алды. Мектеп бітірушілер көп болғандықтан, құнды құжат әр сыныпқа кезек-кезек табысталды.
Биыл дәстүрлі «мектеп вальсі» де болған жоқ. Бірақ түлектер 11 жыл оқытқан ұстаздарына ән арнап, естелік суретке түсті. Ресми шара аяқталып, дәл осы фотосессия басталған кезде көңілмен бірге тәртіп те сәл босады.
Иә, коронавирус көп жоспарды бұзды. Оқушылардың жылдағыдай қымбат көліктерді жалға алып қыдыруына, мейрамхана және ойын-сауық мекемелеріне баруына, мерекелік дастархан жаюына биыл тыиым салынды.
Осылайша, шара аяқталған соң оқушылардың дені үйлеріне қайтты. Енді оларды Ұлттық бірыңғай тест күтіп тұр.
Амангелді СЕЙІТХАН