Карантиндік шектеулерге қарамастан мектеп түлектерінің 20 жылдық кездесу кешіне барған шымкенттік полицейдің қызметтік жауапкершілігін қарау кейінге шегірілді. Өйткені тәртіп сақшысы осы оқиғаның ертеңіне денсаулығына байланысты демалысқа шығып кеткен. Осыған орай полиция департаментіндегі тәртіптік кеңес отырысы өтпей қалды.
Оның үстіне қызметтік тексеру жұмыстарының жүргізілуіне байланысты аталған қызметкер жұмыстан уақытша шеттетілген. Естеріңізге сала кетейік, бұл жайт мектеп түлектерінің Түркістан облысы Жетісай қаласында жасырын өткізіген мерекелік кездесуінің бейнекөріністері әлеуметтік желіде кеңінен тарап кеткен соң белгілі болған еді. «Жетіген» мейрамханасында өткен көңіл көтеруге бас-аяғы 15 адам қатысқан. Оның ішінде Түркістан облысындағы құзырлы орган өкілдері мен Шымкент қаласы Еңбекші аудандық полиция басқармасының лауазымды қызметкері де болған.
Ғани Қалмахан