Зейнетақы қорындағы ақша неге азайып жатыр?

01.06.2020

Зейнетақы қорындағы ақшамыз неге азайып жатыр? Тірнектеп жиған қаржының кемігенін айтып, кейитіндердің қатары жиіледі. Жұрт екі айда шоттағы ақша 200 мың теңгеге дейін азайып қалды деп шағымданды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдері бүгін біздің арнаға сұхбат беріп, оның себебін түсіндірді.

Үш айда қаржылары кемінде 30 мыңнан 200 мыңға дейін азайып кеткен. Игілігінен бұрын, шикілігін көрдік деп жатқан жұрттың қазір көңілі күпті. Осы оқиғалардан кейін бейнеттің зейнеті бұйырарына көпшілік күмәнданып қалды. Салымшылардың жеке шоттарындағы қаржының кеміп жатқанын құзырлы мекеме өкілдері де мойындады. Бірақ мұны заңдылық деп отыр. Өйткені, салымшының аударымынан бөлек, оның жеке шотына ай сайын мемлекеттен инвестициялық табыс түсіп тұрады. Ал ол шетел валюталарының бағамына тікелей тәуелді. Демек, доллар өссе шотыңыздағы ақша көбейеді, кемісе керісінше азаяды.

Демек, зейнетақы қорындағы салымшының әр тиыны санаулы. Ақша азайған жоқ. Инвестициялық өсім тұрақты. Cол себептен, алаңдауға негіз жоқ деп отыр мамандар. Тек, ақша құнсызданып кетпеуі үшін айналымда жүр. Жалпы, қазір елімізде 9 миллион адамда зейнетақы шоты бар. Жиналған қаржы 11,7 триллион теңге.  

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу