БҚО-да 7 жылда 700-ден астам жоба жүзеге асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да 7 жылда 700-ден астам жоба жүзеге асты

03.12.2018

Елімізде жұмыс жасаймын, жеке кәсібімді ашамын деген жандарға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп келеді. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдап, дамыту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, іске асырылып жатыр. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында соңғы 7 жылдың ішінде 700-ден астам жоба сәтті жүзеге асырылды. Елбасы биылғы Жолдауында бағдарлама мерзімін бес жылға ұзартуды тапсырғаны белгілі. Бұл шешімді кәсіпкерлер құптап, шаруаларын әрі қарай дөңгелету жолдарын қарастырып жатыр.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Тігін цехында қызу тірлік. Жаңа кәсіпорын бір кезде аты дүрілдеп тұрған «Диана» фабрикасының ісін жалғастырды. Мұнда 40 адам еңбек етеді. Отқа төзімді, су өткізбейтін арнайы киімнің түр-түрін шығарады. Дайын өнімді елдің әр өңіріндегі отандық кәсіпорын жұмысшылары киіп жүр.

Қазима Бақытқызы, тігінші:

- Осы мекемеде 2 жылдан бері жұмыс жасап жатырмын. Жұмысымыз ұнайды өзімізге. Еңбекақы уақытында. Арнайы жұмыс киімдерін тігеміз.

Нұргүл Кенжеғалива, тігін фабрикасы директорының орынбасары:

- «Даму» бағдарламасы арқылы 10 миллион теңге несие алдық, 2018 жылдың басында. Ол ақшаға кәсіптік машиналар сатып алдық. Ол біздің өнімімізді жақсартты, сапасын көтерді.

Мемлекеттік бағдарлама арқылы өрісін кеңейткен тағы бір кәсіпорын жаңа бағытты бетке алды. Мұнда егіс алқаптарын тамшылата суаруға арналған полиэтиленді таспа шығарылып жатыр. Оларға жобаны бастау үшін «Даму» қоры арқылы 140 миллион теңге жеңілдетілген несие берілген.

Ал, бала күтіміндегі Алмагүл өз ісін ашуды ойлап «Бизнес-бастау» бойынша кәсіптің әліпбиін танып, бахил шығаруды қолға алды.

Алмагүл Давыдова, кәсіпкер:

- «Даму» арқылы банктен 6 пайыз несие алдық. Қытайдан құралдарды әкелдік. Шикізатты Алматыдан алып, бахил шығарамыз.

Қазір Алмагүлдің өнімін жеке және мемлекеттік медициналық ұйымдар тұтынып отыр. Тіс емханасының иесі де жеңілдетілген несие алып, кәсібін кеңейткен. Жалпы, биыл бағдарлама аясында 125 жоба қаржылай қолдау тапты.

Нұржан Қалишанов «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ БҚО аймақтық филиалының директоры:

- «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының мерзімі 2025 жылға дейін созылған болатын. Өйткені, бұл бағдарлама жылма-жыл өзектілігі мен тиімділігін көрсетіп келе жатыр. Бағдарлама басталғалы 700-ден астам жоба жүзеге асты. Несие сомасы 90 миллиардтан асады.

Бірақ, бағдарламаға қатысушылар көбейген сайын, қаржы жетіспеушілігі туындап отыр. Егер ел бойынша қосымша 30 миллиард теңге бөлінсе, бизнеске бет бұрғандардың қатары арта түсері анық.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу