Мемлекет басшысы сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында елеуді өзгерістер болатынын айтты. Ең бастысы дәрігерлердің жалақысы екі жарым есе өседі. Дәрігерлер құқығын қорғау, беделін аттыру да өзекті мәселе. Осы орайда, Президент Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеді.
Алдағы 5 жылда мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелері толықтай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Жаңа ауруханалар салынады. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 274 жаңа нысан пайдалануға беріледі. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 20 ірі клиника ашылады. Шалғай елді мекендер де назардан тыс қалмайды.
Қазір ғалымдар пандемияның қайта өршуі мүмкін екенін айтып дабыл қағуда. Сондықтан жұқпалы аурулар ауруханаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру де өте маңызды. Санитарлық эпидемиологиялық қызметті күшейту қажет. Бұл орайда жаңа комитет құрылмақ. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің мәртебесі мен өкілеттігі артады. Қасым-Жомарт Тоқаев «Биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасын жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды.
Денсаулық сақтау саласында цифрландыру процестері жеделдетіліп, тиімділігі артады. Бірыңғай цифрлық кеңістік құрылады. Ақпараттар бір базада сақталады. Бұл істі білікті IT мамандарды тарта отырып, жүзеге асыру керектігін айтты Мемлекет басшысы.
Тағы бір үлкен мәселе — елімізді дәрі-дәрмекпен, медициналық өнімдерін қамтамасыз ету. Бұл мәселеде импортқа тәуелділіктен арыла алмай келеміз.
«Денсаулық сақтау саласында біраз өзгеріс болады. Дәрігерлерге артылған жүк жеңілдемейді. Қазақстан індеттің шарықтау шегінен өтті. Бірақ әлі босаңсуға болмайды. Халық өз денсаулығына бей-жай қарамауға бейімделуі керек»,- деді Президент.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ