Мас жүргізуші патруль көлігін соғып, 2 полицей көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мас жүргізуші патруль көлігін соғып, 2 полицей көз жұмды

25.05.2020

Сондай-ақ Президент Қызметтік міндетін орындау кезінде қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айтты.

Алматыда ащы суға сылқия тойған көлік жүргізуші блокбекет пен патруль көлігіне соғылып, апат салдарынан екі полицей көз жұмды. Сондай-ақ оқиға кезінде бекетте қызметін атқарып тұрған тағы бір тәртіп сақшысы жарақат алғаны белгілі болды. Оның жағдайы ауыр, қазір жансақтау бөлімінде ем алып жатыр.  

Жантүршігерлік апаттан 42 жастағы полиция аға лейтенанты Жарас Жанғазиев оқиға орнында тіл тартпай кетті. Батыс Қазақстан облысының тумасы Ішкі істер органдарында 2001 жылдан бастап еңбек еткен. Оның артында жары мен екі қызы қалды. Ал ауруханаға жетіп көз жұмған полиция сержанты Дастан Әбдіқанов небәрі 26 жаста ғана еді. Қыршыннан қиылған алматылық жігіттің 1 айға толған шақалағы бар.

Ал жарақат алған үшінші полицей есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкері Ербұлан Сейдазым дәл сол сәтте жол бойында көліктерді тексеріп тұрған. Ол қазір №7 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр.

Қазір осы іске қатысты тергеу амалдары басталды.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қаза тапқан полицейлер көпшілік үлгі аларлықтай адал қызмет атқарғанын жеткізіп, олардың отбасына көңіл айтты. Ал әлеуметтік желіде BMW автокөлігінің жүргізушісі қалалық полиция қызметкері деген хабар тарады. Алайда, ішкі істер департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды.  

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу