Бұқараға баспана беретін бағдарлама жасалды дегенде ағайын бөркін аспанға атады. Бұл әуелгі дағды. Қанша бөрік үмітпен үрленіп аспаннан әлі түспегенін аңғару қиын емес. Десе де, біздегі баспана кезегіндегілердің саны жыл сайын көбеймесе азайған жоқ. Мыңдап саналады. Оларға бір күнде пәтер беріп жарылқап тастау мүмкін емесін бізде білеміз. Бірақ, бұл тұста қос құлағы қылтиып тұратын шикіліктің бары көптің көңілін күпті етеді. Қайыс креслоға жайғасқандар жан-жағын жайпап кетердей жұтынғанда жұрттың талап-тілегі жетімсіреп қалатыны бар. Айыптың бәрін шенеуніктерге жабайық десек мынадай мысалда менмұндалап тұрады.
Жемқорды айналадан, болмаса айдаладан іздесеңде түбін табу қиынның қиыны. Салдарынан, жылдап кезекте тұрса да онысы екі қадам алға жылжымаған ағайын ашынады. Ашынғанда ащы дауыстың шығатынын біз айтпай-ақ білесіздер.
Өкініштісі, баспанаға келгенде бір айтқан сынды он айтуға тура келеді. Не біз жеткізе алмаймыз, не жауаптылардың құлағы бітеу ме бірдеңе әйтеуір. Хош, басына пана болатын баспана таппай сабылған жұртты жертөледен тапқанда жүрегің қан жылайды. Вагонда тұрып жатқан жерлестерді көргенде жанарыңнан жас еріксіз ыршып түседі. Ол ол ма, үйіне жете алмай пұшайман болған үлескерлердің мәселесі де өршіп тұр. Құрылыс компаниялары ағайынды алдап соққанда арашалау керек деп тұра ұмтылады билік. Бірақ, алаяқтарға кімнің тапсырысты бергені, кімнің тендерді тапсырғаны көбіне көптің көзінен тасада қалады. Бұл өкінішті. Баспана жырының басы ғана бұл, өйткені біздегі жерге салынған үйлердің бағасы аспандап тұр. Алайын деп бағасын сұрасаң, артындағы нөлдерден жаңылып қала жаздайсың.
Еркін СЪЕЗҰЛЫ