Қарағандылық 29 жасар жігіт коронавирустан жазылып шықты. Ол қауіпті індетті ауруға шалдыққан досынан жұқтырған. Екі апта емделіп шыққан қала тұрғыны, вирустың өзіне қалай әсер еткені жөнінде айтып берді.
Екі апта бойы аурухананың төсегіне таңылған Дәурен, таза ауамен кең тыныстағанға не жетсін деп тамсанады. Ауруға шалдыққан бастапқы күндері дәм сезуден қалған. Құрғақ жөтел буып, қызуы көтеріліпті. Кейін өкпесі қабынған. Оған вирусқа қарсы дәрілер беріліп, мамандар тәулік бойы бақылауда ұстапты. Жүйелі емнің ақасында соңғы сынамалар теріс боп шықты. Індетті жеңген Дәурен енді екі апта үй карантинінде болып, сосын жұмысқа кіріседі.
Өңірде індетке шалдыққандар әлі де азаймай тұр. Бүгін тағы инфекция жұқтырған 24 науқас госпитальға жатқызылды. Барлығы да бұрын ауырғандармен байланыста болған. Оларды емдеп жазуға біздің дәрігерлердің біліктілігі жетеді дейді Дәурен. Өзін ажалдан арашалап қалған ақ халаттылардың жанкешті еңбегіне алғысын білдірген ол жақындарымен жүздескенше асық.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ