Жапон биологтары сакураның жаңа сұрпын шығарып, оған Қазақстан астанасының құрметіне «Нұр-Сұлтан» деген атау берді.
Жаңа сұрыпты Хоккайдо префектурасының Орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты шығарды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Нұр-Сұлтан» сакурасының ерекшелігі - минус 40 градус аязға төзімді.
«Қазақстанның астанасын бейнелейтін сакура гүлі қос гүлдену әсеріне байланысты 10 қардай ақ күлте жапырақшалардан тұрады. Ал сакураның басқа сұрыптарында әдетте 5 жапырақша ғана бар», - делінген хабарламада.
Сакураның жаңа сұрпының авторы - Хоккайдо префектурасы Орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының докторы Йоичи Вакита.
Сакура ағашы Жапонияның ұлттық бренді болып табылады. Ханами немесе гүлдену кезінде сакураны тамашалау дәстүрі жыл сайын елге миллиондаған туристерді тартады. Бұл артықшылықты Германия, Франция және АҚШ сияқты жайлы климаты бар өңірлерде орналасқан елдер шетелдік туристерді тарту үшін пайдалануда.