Ардагерлер салықтан босатылып, оларға төленетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі артпақ. Бүгін сенаторлар «Ардагерлер туралы» заңды қабылдады. Онда барлық санаттағы ардагерлерге берілетін жәрдемақы 10 мың теңгеге дейін өсетіні жазылған. Әрі көлік, мүлік салығы секілді салықтың 11 түрінен босатылып отыр. Сондай-ақ оларға заңдық тұрғыдан бөлек мәртебе беріліп, ардагерлердің қатары арта түсті. Яғни өзге елде әскери қақтығыстарға қатысқандар саны 169 мыңнан 180 мыңға артып отыр.
Сондай-ақ депутаттар «Ана мен бала» туралы заңға енгізілген өзгертулерді мақұлдады. Оған сай енді көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы көлемі артады. Қазір табысына қарамастан 4 немесе одан көп перзенті бар отбасыларға бала санына қарай 42 мыңнан 74 мың теңгеге дейін төленетіні белгілі. Енді 74 мыңмен шектелмей бала көп болған сайын қосымша 10 мың 600 теңгеден қосылып отырмақ. Парламенттің бастамасымен әзірленген заң енді президенттің қарауына жіберілмек.
Досжан МАРАТҰЛЫ