Көпбалалы отбасыларға нақты қолдау көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көпбалалы отбасыларға нақты қолдау көрсетіледі

27.02.2019

Көпбалалы отбасыларға қамқорлықтың артатыны елді ерекше серпілтіп тастады. Алыс аймақтағы ағайын қолдау шараларының күшейтілетінін естіп, дән риза. Әсіресе, жәрдемақы көлемінің артуы мен баспана мәселесіне қатысты шешімдер тұрғындарды қуантуда.

Алматы облысы, Шонжы ауылының тұрғыны Фатима Сурабалдинова немересі Маратжанға қамқоршы. Баланың әкесі қайтыс болған. Ал, анасы кембағал ұлын енесіне тастап кеткен. Екінші топтағы мүгедек балаға ай сайын 45 мың көлемінде жәрдемақы алады. «Бұл қаржыны баланың ем-домы, жүріп-тұруы, киім-кешегіне жеткізу қиын»,-дейді.

Семей қаласының тұрғыны Майра Жұмагелдинаның қызы сал дертіне шалдыққан. Баласына ерекше күтім қажет болғандықтан, жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ. Тұратын жерлері Семей сынақ полигонынының іргесінде. Қызы сал дертіне осы сынақ салдарынан шалдыққан. Сондықтан мемлекет оған тиісті төлемақыны төлеп жатыр. Бұған қоса мүгедек баласын баққаны үшін 30 мың теңге алады. «Бұл жәрдемақы тағы 30 пайызға өсетін болса, біршама көмек болар еді»,-дейді Майра Жұмагелдина.

Әрине, олармен тағдырлас аналар елімізде көп. Енді осы санаттағы ата-аналарға берілетін жәрдемақы көлемі 30 пайызға өседі. Ол үшін алдағы үш жылға қазынадан 300 млрд теңгеден астам қаржы бөлінбек. Сонымен қатар, көпбалалы отбасыларға жәрдемақы 21 мың теңгеге дейін өседі. Нақтырақ айтсақ, 20789 теңге. Әр балаға. Бұған дейін 15 мың теңгеге жуық болатын. Демек, 70 пайызға артады. Алайда, бұл жәрдемақыны бәрі ала алмайды. Атаулы әлеуметтік көмектің аясында әр отбасының табысына қарай қарастырады. Қазіргі күні аталған көмекті 571 мыңнан астам адам көріп отыр. Ал, биылдан бастап олардың қатары 830 мыңға жетеді. Сосын осындай санаттағы отбасылардың жалпы табысын есептегенде басқа әлеуметтік төлемдер енді ескерілмейді. Президент осы тұста аталған әлеуметтік көмекті алу процесі барынша жеңілдетілуі қажеттігін қадап айтты.

Батыс Қазақстанда көпбалалы отбасы апатты үйде тұрып жатыр. Оның өзін әкімдік уақытша қоныс ретінде берген. Аядай пәтерді жамап-жасқап, «шықпа, жаным, шықпамен» отыр. Жанұяда 7 бала өсіп келеді. Үлкені - 18-де, кенжесі енді 3-ке толады. Отағасы бала күтімімен үйде. Ал, алқалы ана еңбек биржасында 2 ай оқып, тігінші мамандығын алған. Қазір шеберханада еңбек етеді. Табысы - 40 мыңнан аспайды. Пәтер жалдап жүргендеріне 15 жыл болған.

Көпбалалы отбасылардың өзекті мәселелері осы - баспана. Көбісінің үй-күйі жоқ. Түйткілдің түйінін тарқату үшін елімізде жалдамалы пәтерлер салынады. «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 40 мың пәтер тұрғызылмақ. Осы мақсатқа жыл сайын 50 млрд теңге бөлінетін болады. Бұдан бөлек, көпбалалы, толық емес отбасылар үшін, табысы төмен бірақ мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған отбасыларға арнап 2-3 пайызбен үйлер беріледі. Президент жауаптыларға оның механизмдерін ойлап табуды тапсырды. Ал, ауылдағы көпбалалы отбасыларға жекелеген гранттар мен шағын несиелер бөлінеді. Мемлекет басшысы толық емес көпбалалы отбасыларға үйден жұмыс істеуге мүмкіндік табуды да тапсырды. Ал, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін Елбасы өзі бақылауында ұстамақ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бөлінген қаражат әр жерге уақытында әрі дұрыс жетуі тиіс. Бұған Үкімет пен әкімдер жауапты. Аталған қолдау көмекке мұқтаж жандарға көрсетілуі тиіс. Бөлінген қаражаттың әр отбасына жетуін мен өзім жеке бақылауымда ұстайтын боламын.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу