Өскемен қаласының орталығындағы «Самал» саябағын салған жұмысшылар сергелдеңге түсті. Ал құрылыс шала-шарпы аяқталды. Былтыр күзде салтанатты түрде ашылған жаңа спорттық-экологиялық саябақтың құрылысына бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Алайда, жұмысты межелі уақыттан кешіктірмейміз деп жанталасқан құрылыс компанияларына бас мердігер ақшаны толық төлемей қойған.
Жаңа саябақтың аумағы 20 гектар. Оны салу үшін бюджеттен 500 миллион теңгеден астам ақша бөлінген. Бас мердігер 5 құрылыс компаниясымен келісімшарт жасасқан. Алайда оларға ақшаларын толық бермей қойған. Бас мердігердің құрылысшылар алдындағы қарызы 170 миллион теңге.
Соңғы бірнеше айдан бері қосалқы мердігерлер сот табалдырығын тоздырып жүр. Ал бас мердігер компанияның жетекшісінен тілшілерге жауап алу мүмкін болмады.
Берік КӨШЕРБАЙ