Бельгия карантиннен шығу жоспарын жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгия карантиннен шығу жоспарын жариялады

27.04.2020

Бельгияда коронавируспен ауруханаға, реанимацияға түсіп жатқан науқастар мен індеттен көз жұмғандардың саны сәл азайды. Билік осыны негізге ала отырып, оқшаулау режимінен біртіндеп шығу туралы шешім қабылдаған.

Бельгия үкіметі қалыпты өмірге кезең-кезеңімен көшуді жоспарлап отыр. Яғни, 4 мамырда тұтынушымен тікелей қарым-қатынас жасамайтын ірі кәсіпорындар жұмысқа кіріседі. Қоғамдық көлік қызметі жанданады. Тиісінше, барлық автобус, трамвай, метро, пойыздарда жолаушылар бетперде тағуға міндетті. Егер маска болмаса, ауыз бен мұрынды орамалмен, шарфпен жабуы тиіс. Сауда орындары 11 мамырдан бастап ашылады. Оның өзінде дүкен қожайындары келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сақтық шараларын күшейтуі тиіс.

Егер жағдай тұрақты болса, 18 мамырда үкімет шаштараз, мұражайлар мен мектептерді ашуды жоспарлап отыр. Білім ордаларына қойылатын талап қатаң. Мұғалімдер мен оқушылар маска киюге міндетті. Және әр сыныпта 10 оқушыдан артық болмауы керек. Ал дәмхана, мейрамханалар, кинотеатрлар 8-маусымда ашылуы мүмкін. Барлығы эпидемиологиялық ахуалға байланысты. Соңғы мәлімет бойынша Бельгияда 44 мыңнан астам адам короновирус жұқтырып, індеттен 7 мыңнан астам адам қаза тапты.

Нұрсұлу ҚАСЫМ


Хабарламаларға жазылу