Астанада «Kazakhstan Global Investment Roundtable» инвестициялық форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Kazakhstan Global Investment Roundtable» инвестициялық форумы өтті

03.07.2018

Қазақстан - шетелдік инвесторлар үшін бірден-бір қолайлы мемлекет. Бүгін Астанада «Kazakhstan Global Investment Roundtable» инвестициялық форумы өтті. Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында өткен форумға 600-ден астам шетелдік инвестор қатысты. Оларға Қазақстанның жаңа инвестициялық климаты таныстырылды.

Екінші рет ұйымдастырылған форумның панельдік отрысына Үкімет басшысы қатысты. Бақытжан Сағынтаев әкімшілік кедергілердің азайып, инвестициялық климаттың одан да жақсара түскені туралы айтып берді. Сондай-ақ, әдеттегідей шикізат саласына емес, қайта өңдеу өндірісіне инвестиция салуға шақырды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:

Қазақстан Үкіметі инвесторлардың біздің елде табысты жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасауда. Біз инвестицияның сақталуына кепілдік береміз. Себебі, ортақ мақсатымыз 2050 жылға қарай 30 озық елдің қатарына кіру. Бұл мақсатқа жету үшін инвесторлармен бірге жүруіміз қажет.

Жиында инвестклиматты жақсартуға бағытталған жаңа тетіктер түсіндірілді. Өткен айда ғана Президент кәсіпкерлікті кеңейтетін заңға жария түрде қол қойды. Аталған құжатпен заңдарға 1000-нан астам оң өзгеріс енді. Форум қонақтары бұл жұмыстарды жоғары бағалап, ел мен елорданың дамуына қатысты пікірлерін айтты.

Шив Хемка, «Sun Group» басқарма төрағасының орынбасары:

Қазір мүлде жаңа дәуірді көріп отырмыз. Мен Мемлекет басшысы мен Үкімет басшысын тарихи жетістіктерімен құттықтағым келеді.  Ақмолаға 1996 жылы келгенмін. Ол кезде қарапайым кеңестік қала болатын. Қазір мүлдем басқа қала Астананы көріп отырмын. Инвесторлармен жағдай жасауда да біраз ілгерілеушіліктер бар.

Шара аясында министрлер мен вице-премьерлердің қатысуымен тақырыптық сессиялар өтті. Мысалы, Асқар Жұмағалиев жүргізген «Цифрландыру мен индустрия 4,0 инфрақұрылымын дамыту» сессиясында әріптестікті арттыру жайы сөз болды.

Берік Бекенов, «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ басқарма төрағасы:

Өндіріс саласын цифрландыру мен индустрия 4,0 элементтерін енгізу үшін 600 кәсіпорында сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде тиісті шаралар кешені қабылданды. Биыл қыркүйек айына дейін технологиялық аудит жүргізіп, кәсіпорындарды цифрландыру жоспарын бекітеміз.

Халықаралық форум аясында  30-дан астам меморандумға қол қойылды.  Оның  ішінде Еуропа елдері мен Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлескен жобалар бар.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

 «YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу