Табысынан айырылған 4,2 млн адам 42 500 теңге жәрдемақы алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Табысынан айырылған 4,2 млн адам 42 500 теңге жәрдемақы алды

27.04.2020
Табысынан айырылған 4,2 млн адам 42 500 теңге жәрдемақы алды

Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған 4,2 миллионнан астам адамға әлеуметтік төлем тағайындалды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 27 сәуірдегі жағдай бойынша төтенше жағдай кезінде кірістен айырылуға байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 4 млн 251 мың әлеуметтік төлем тағайындалды. Оның ішінде алғашқы айда – 3 млн 731 мың, екінші айда - 520 мың. 

27 сәуірдегі жағдай бойынша 42 500 теңге жәрдемақыға 8 млн 23 мың адам өтініш берген.

Бірегей өтініштердің ең көбі мына өңірлерде: 

- Алматы облысы – 1 млн 45 мың; 

- Түркістан облысы – 999,5 мың; 

- Алматы қаласы – 896,6 мың; 

- Нұр-Сұлтан қаласы – 594,5 мың; 

- Шымкент қаласы – 534,5 мың. 

Өңірлер бойынша мына облыстардың тұрғындарына жәрдемақы ең көп тағайындалған: 

- Алматы облысы – 620,5 мың; 

- Түркістан облысы – 508,5 мың; 

- Алматы қаласы – 412,1 мың.

Келіп түскен 3 млн 672 мың өтінім бойынша 42 500 теңге тағайындаудан бас тартылды, себебі олар ТЖ кезінде табыстың жоғалуына байланысты МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемді тағайындау қағидаларына сәйкестігін тексеруден өтпеген.

Бас тартудың негізгі себептері мынадай: 

- өтініш берушінің жеке деректерінің дұрыс көрсетілмеуі; 

- банктік шот нөмірінің дұрыс көрсетілмеуі; 

- өтініш берушіде тұрақты жалақысының болуы (оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері); 

- өтініш берушінің төтенше жағдай енгізілгенге дейін ресми жұмыс жасамаған зейнетақы мен жәрдемақы алушы болып табылуы; 

- өтініш беруші үшін төтенше жағдай режимін енгізгенге дейін соңғы 12 ай ішінде міндетті әлеуметтік аударымдардың, зейнетақы жарналарының жүргізілмеуі, БЖТ төлемеу немесе бейресми өзін-өзі жұмыспен қамғандардың өтініш бергенге дейін БЖТ төлемеуі; 

- өтініш берушінің қайтыс болуы немесе Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі.

Хабарламаларға жазылу