Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ 94 жасқа толды. Алайда монархтың туған күні биыл коронавирус пандемиясына байланысты салтанатты қабылдаусыз, отшашусыз өтті. Мұндай жағдай Елизавета ІІ тақта отырған 68 жыл ішінде алғаш рет болып отыр.
Дерек көзіне сүйенсек, патшайым салтанатты шараларды жасауға өзі қарсы болған. Оның орнына ол туған күнін жұбайы Филипп ханзадамен Виндзор сарайында атап өтуді жөн санаған екен.
Британ монархтары жылына екі рет туған күн атап өтеді. Бірі дүние есігін ашқан күн болса, екіншісі маусым айында бүкіл карольдікте ресми аталып өтетін күн. Мұндай дәстүрді 1748 жылы Георг ІІ патша енгізген. Себебі монарх туған күнін жылдың жылы кезеңінде атап өткізуді қалаған. Содан бері жалғасып келе жатқан тарихи дәстүр өз күшін әлі жоғалтпаған.
Елизавета ІІ кішкентай кезінде «Лилибет» деген лақапатқа ие болған көрінеді. Себебі бала күнінде ол «Elisabeth» есімін дұрыс айта алмаған екен.
Ұлыбритания патшайымы автокөлік жүргізгенді жақсы көреді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ол автомеханик және жүк көлігінің жүргізушісі болуыды үйренген. Оның сүйікті көлік маркалары Range Rover және Jaguar.
Дереккөз: ВВС