Елімізде коронавирустың бір күндік өсім деңгейі 8,2 пайызға жеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде коронавирустың бір күндік өсім деңгейі 8,2 пайызға жеткен

21.04.2020

Өткен тәулікте елімізде коронавирустың бір күндік өсім деңгейі 8,2 пайызға жеткен. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Оның сөзінше, бір күнде індет жұқтырған 141 науқас тіркелсе, олардың көбі Алматы мен Шымкентте анықталған. Алматыдағы 82 науқастың 78-і, ал Шымкентте 23 науқастың 16-ы скринингтік тесттің нәтижесінде анықталған.

Сондай-ақ Елжан Біртанов медицина қызметкерлеріне қажетті қорғаныш құралдары әлі де жетіспейтінін айтты. Бұл ақшаның жоқтығынан емес, елдегі логистикалық-инфрақұрылымдық мәселеден екенін айтады. Өйткені қатерлі індет басталғанда шекара жабылып, шет елден келетін кейбір қажетті тауарды ала алмай қалғанын айтады ол. Ал қазір Қытайдан медициналық тауар әкелуге рұқсат етілді, ертең алғашқы борт келеді. Ол Денсаулық сақтау министрлігіне үкіметтік резервтен коронавируспен күреске 17 миллиард теңге бөлінгенін, ол қаржы қажетті құралдар мен жұмыс процесіне жұмсалғанын жеткізді.

Амангелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу