42 500 теңге аламын деп алаяқтарға алданды. Әлеуметтік желідегі әккілер жалған парақшалар ашып, мемлекеттің елге берген ақшасына қол сұға бастады. Мұнымен қоймай, азаматтардың жеке бас мәліметтерін алып, олардың атынан үлкен көлемде онлайн несие де рәсімдеп жатыр. Тәртіп сақшылары қазір бірнеше іске қатысты тергеу амалдарын бастады.
Қазірдің өзінде, елордалық 4 азаматтан арыз түскен. Бұл жағдайлармен құқық қорғау органдары таныс. Аккаунтты құрып, жүргізіп отырған қылмыскерлерді іздеп жатыр. Бірақ алданғандарын білмейтін азаматтар әлі де көп болуы мүмкін екенін айтып отыр мамандар. Ал жалған парақшалардың барлығы бүгін-ертең дереу жабылады.
Ал алаяқтарға жаза қатаң. 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылады. Күніне қазақстандықтарға 10 мыңнан астам смс хаттар жіберіліп жатқан көрінеді. Сол себептен интернетте аса сақ болуға шақырып отыр мамандар. Әйтпесе, әккілер жеке бас мәліметтеріңізді түрлі мақсатта пайдаланып, тақырға отырғызып кетуі әбден мүмкін.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ