Полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткендер қамауға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткендер қамауға алынды

16.04.2020

Алматыда полиция қызметкерімен жаға жыртысқандар қамауға алынды. Ішкі істер департаментінің мәліметінше, үш азамат билік өкіліне күш қолдану және қорлау баптары бойынша жазаға тартылды. Олардың бірі төтенше жағдай кезінде тәртіп бұзып, заңға қайшы әрекет жасағаны үшін 20 тәулікке уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал жазбаның авторы 1986 жылы туған азамат билік өкілін жария қорлау фактісі бойынша жауапқа тартылды. Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде полиция қызметкері мен бала серуендетіп жүрген ер адамның жаға жыртысқан видеосы тарады. Тұрғындар тәртіп сақшысының ескертуіне құлақ аспай, дөрекілік танытқан.

Нұр-Сұлтанда да осындай оқиға қайталанды. Полиция қызметкерінің ескертуін елемей, қарсылық көрсеткен ер адамның бұл әрекетін тұрғындардың бірі видеоға түсіріп алған. Дегенмен, билік өкіліне бағынбаған азаматқа қандай жаза тағайындалатыны әзірге белгісіз.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу