АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын қаржыландыруды тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын қаржыландыруды тоқтатты

15.04.2020
АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын қаржыландыруды тоқтатты

Құрама Штаттар президенті Дональд Трамп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) коронавирус пандемиясымен күресте дәрменсіз болуына байланысты ұйымның бюджетіне жарна төлеуді тоқтата тұруға бұйрық бергенін мәлімдеді.

«Әлем елдері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы денсаулыққа төнетін халықаралық қауіп туралы нақты ақпараттарды уақытылы таратып отыратынына үміттенеді. Ал егер олай болмаса орын алып жатқан жағдай туралы өз бетімен жеткізеді. ДДСҰ аталған негізгі міндетін орындамады және жауапкершілікке тартылуы керек. Ондаған жылдардан кейін уақыт жетті», - деді Трамп Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында.

Президенттің айтуынша, БҰҰ агенттігі қытайлық жалған ақпаратты таратқан. Бұл, эпидемияның анағұрлым ауқымды салдарына алып келген. Осылайша, Д. Трамп Қытайда пайда болған вирустың ғаламшар бойынша таралып кету оқиғасында ДДСҰ-ның рөлі анықталғанға дейін қаржыландыруды тоқтата тұруға нұсқау берді. 

Айта кетейік, АҚШ – ДДСҰ-ның ең ірі қаржыландыру көзі. Тек өткен жылдың өзінде ғана олардың жарнасы 400 млн долларды, яғни ұйым бюджетінің 15% құраған болатын. 

Ал БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерреш қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының немесе вируспен күресетін басқа да гуманитарлық ұйымдардың қызметі үшін ресурстарды қысқартатын уақыт емес екенін мәлімдеді. 

«Қазір – бұл вирусты және оның эпидемиялық салдарын жою үшін халықаралық қауымдастықтың бірлесіп жұмыс жасау уақыты», - деді БҰҰ Бас хатшысы.

inform.kz 

Хабарламаларға жазылу