Еліміздегі екінші деңгейлі 4 банктің рейтингі төмендеді. Олар қай банктер? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі екінші деңгейлі 4 банктің рейтингі төмендеді. Олар қай банктер?

14.04.2020

Жаһандық Fitch рейтинг агенттігі еліміздің екінші деңгейлі банктеріне қатысты рейтингін төмендетіп тастады. Позитивтік көрсеткіштен негативтік санатқа ауысқандардың қатарында төрт қаржы-несие ұйымы бар.

Еліміздегі екінші деңгейлі 16 банктің 4-уі сенімсіз. Ең ықпалды халықаралық Fitch рейтинг агенттігі Халық, Альфа, Форте мен Хоум банктердің қаржылық шама-шарқына осындай баға берді. Бұларды табыстарынан айырған себептер бәрімізге белгілі. Коронавирус кесірінен тұралаған экономика, құлдыраған теңге, құнсызданған мұнай және несие өтемінің үш айға шегерілгендігі. Ал банктер болса тұтынушыларын рейтинг бір өсіп, бір түсетінін ескеруге шақырады.

 Ал, экономисттер бұл жығылғанға жұдырық болды дейді. Өйткені Американың алпауыт рейтингтік компаниясымен қаржы ұйымдарының барлығы санасады. Тіпті Дүниежүзілік банк те әлдеқандай компанияға кредит бермес бұрын, Fitch-тің дерегіне жүгінеді. Сондықтан аталған төрт банк шетелден қарыз ала алмай қалуы мүмкін екенін айтады сарапшылар.

Fitchтің сынына іліккен Қазақстан банктері ғана емес. ТМД құрамындағы 9 елдің 7-уіндегі қаржы институттарының да жағдайы осындай.

Лейла ДУЛАТ


Хабарламаларға жазылу