Президент Ұлттық банктің есебін қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Ұлттық банктің есебін қабылдады

01.07.2020

Соңғы үш жылда экономиканы несилендіру саясаты саябырсып қалды. Банктер де өз күнін өздері күйттеп жүр. Үкімет бұл мәселенің түйінін тез арада тарқатуы тиіс. Бүгін Ұлттық банктің өткен жылғы есебін қабылдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді.

Пандемия паңды да, қалт-құлт еткен жанды да жапырып салды. Салдарынан қоғамның парқы, базардың нарқы бұзылды. Мұнай арзандады. Теңге теңселді. Экономикада даму тежелді. Енді оны тездетіп қалыпқа келтіру Үкіметке сын!

Мудис агенттігі былтыр еліміздегі екінші деңгейлі банктердің активтері мен сапасын анықтайтын сараптама жүргізген. Ол стандарт Эйкюар деп аталады. Біздегілерге берген бағасы жаман емес. Бірақ Президент мемлекеттің көмегі болмаса, Эйкюардің алдында екінші деңгейлі банктердің етігі ашылып қалар еді деп ескертті. Сондықтан бұл сарапты бұдан былай тұрақты жүргізіп тұруды тапсырды. Әрі айырбас бағамын ауыздықтап ұстау да аса маңызды мәселе.

Айтпақшы 30 жыл Алатаудың баурайын мекен еткен Ұлттық банктің бас ғимараты жақында ғана Елорданы бетке алып, Астана халықаралық қаржы орталығымен көрші қоныс тепті. Көш көлікті болсын деген Президент аталған екі ұйым бұдан былай қаржы технологиясы мен инновациясын дамытудың тұжырымдамасын бірлесіп жасауды жүктеді.

Айбек ҚОБДАБАЙ


Хабарламаларға жазылу