Атырауда COVID-19 инфекциясын жұқтырған 59 адамның бесеуі қауіпті індеттен жазылды. Бүгінде олар отбасымен қауышты. Дәрігерлер, сауығып шыққан тұрғындардың денсаулығын, әлі де бақылауда ұстайтынын айтты. Өңірде карантинде 300-дей адам, ал үй бақылауында 600-ден астам тұрғын жатыр.
Бір өкініштісі, науқастармен байланыста болған 16 медициналық қызметкер індетке шалдықты. Олардың басы көпшілігі коронавирусты жүкті әйелден жұқтырған. Қауіпті инфекция 30 мыңға жуық жұмысшысы бар Теңіз мұнай кенішіне де жетті. Алпауыт кәсіпорынға қарасты мердігер мекеменің бірінде еңбек ететін 10 қызметкер, COVID-19 вирусының құрығына ілікті.
Облыстық аурухана карантинге жабылғаннан кейін, ондағы 180-ге жуық медқызметкер карантинге жатқызылды. Қазір онда 50-емделуші мен 70 мед қызметкер бар. Енді облыстық аурухананың жұмысын уақытша қаладағы өзге денсаулық сақтау мекемелері атқарады. Ал Теңіз кенішіндегі ахуалға байланысты, компания басшылығы, өндірістік жұмыстардың тоқтамайтынын айтты. Байланыста болған адамдар үшін, кәсіпорын аумағында 109 орынға арналған карантиндік стационар ашылды.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ