Ақмола облысында коронавирустан 84 жастағы қария көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында коронавирустан 84 жастағы қария көз жұмды

13.04.2020

Ақмола облысында коронавирус жұқтырған тағы бір науқас көз жұмды. Ол — 84 жастағы қария. Бұл облыста тіркелген 4-інші өлім. Аймақта COVID-19 індетіне барлығы 71 адам шалдыққан. Облыстағы ахуалдың қиындауына байланысты шектеу қатайтылмақ. Қазір аймақта 66 блок бекет болса, алдағы күндері олардың саны 101-ге ұлғаяды.

1936 жылы туған қарт бүгін көз жұмды. Марқұм Целиноград ауданы Аққайың ауылындағы «Шапағат» әлеуметтік орталығында тұрып жатқан. Бұл мекеме қазір індет ошағы болып тұр. Орталықта 147 адам болса, екі қызметкермен қоса алғанда 40-ы COVID-19 дертіне шалдыққан. Олардың басым көпшілігі түрлі созылмалы аурулары бар қарттар. Облыста көз жұмған 4 адамның 3-уі осы орталықтан.

Облыстағы эпидахуалдың қиындауына байланысты карантиндік шектеу шаралары күшейтілмек. Бүгін сағат 21-00-ден бастап жаңа қаулы күшіне енеді. Ол бойынша кешкі 9-дан таңғы 7-ге дейін үйден шығуға болмайды.

Облыс аумағында бірнеше санат бойынша көліктердің қозғалысына рұқсат бар. Ол үшін арнайы тізім бекітілген. Тек алдын-ала өтініш жолдап, тиісті құжатты рәсімдеу қажет.

Ермек ЕЛБЕРГЕН


Хабарламаларға жазылу