Президент азық-түлік тауарлары сақталған қойманы аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент азық-түлік тауарлары сақталған қойманы аралады

07.04.2020

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Континенталь Логистикс» серіктестігінің көлік-логистика орталығына барып, 6 мың тоннадан астам азық-түлік тауарлары сақталған қойманы аралады. Жалпы Нұр-Сұлтан қаласының аумағында көлемі 222 мың шаршы метр болатын 7 логистикалық кешен және 37 мың тонна азық-түлік өнімдерін сақтауға арналған 7 көкөніс қоймасы бар.

Мемлекет басшысына бүгін Сауда және интеграция министрі, Ауыл шаруашылығы министрі және елорда әкімі үшеуі кезекпен есеп берді. Бәрінің айтқаны бір мәселе. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын реттеу, көкөніс өнімдерін, бидай мен ұн жеткізу және онымен халықты дер кезінде қамтамасыз ету.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргідей Төтенше жағдай кезінде азық-түлік тауарларын тұрақты жеткізу бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге ерекше мән берілетінін жеткізді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы көрші елдер көмек сұраса, Қазақстан оларға қолұшын беруге әзір екенін жеткізді.

Президент Үкіметке өңір басшыларымен бірлесіп, азық-түлік бағасын қымбаттатпауға, алыпсатарлардың жолын кесіп, тұрақтандыру қорын толықтыруды тапсырды.

Еркін СЪЕЗҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу