Шымкенттік дәрігерлер шала туған үшемді құтқарып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттік дәрігерлер шала туған үшемді құтқарып қалды

07.04.2020
Шымкенттік дәрігерлер шала туған үшемді құтқарып қалды

Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері мерзімінен бұрын туған үшемді аман алып қалды. Өкпесі дұрыс дамымай қалған нәрестелердің үшеуі бірдей жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Бес күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан үшемнің беті бері қарап, бір айға жуық арнайы күтім жасайтын бөлімшеде дәрігерлердің бақылауында болған.

Биылғы үшінші үшемі 16 наурыз күні Шымкент қалалық перинаталдық орталықта дүниеге келген. Дәл осы күні шақалақтардың анасы 34 жастағы Арайлым Сембиеваға шұғыл түрде ота жасалған. Айы-күні толмай туған сәбилердің салмағы небәрі 1,5 келідей ғана болған (1350 грамм, 1790 грамм, 1910 грамм).

Қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлерінің қатаң бақылауында болған нәрестелердің әрқайсысы осы уақыт ішінде салмақ қосып, жағдайлары жақсарған.

Ақ халаттылардың біліктілігі мен күтімінің, тынымсыз еңбегінің арқасында шала туған нәрестелер аман қалып, аналары балаларын бауырына басты. 34 жастағы Арайлым Сембиеваның жақындары сәбилерді Медина, Алина және Ясина деп атаған. 

«Қазір олардың өміріне еш қауіп жоқ», - дейді мамандар. Перзентханадан бүгін шығарылмақ.

Хабарламаларға жазылу