BI-Group компаниясы блогерлерді сотқа бермек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

BI-Group компаниясы блогерлерді сотқа бермек

06.04.2020

BI-Group блогерлерді сотқа берді! Елімізде коронавируспен күресу үшін салынып жатқан инфекциялық ауруханалардың құрылысы төңірегінде дау туып жатыр. Өйткені бірнеше желі қолданушысы ірі құрылыс компаниясын «жемқор», әрі «қайғыдан пайда табуды ойлап отыр» деп сынаған еді. Енді BI-Group олармен заң жүзінде күреспек.

Блогерлердің былапыт сөзі Bi-group компаниясы басшысының шамбайына батқан. Әсіресе, құрылыс компаниясы «жемқор», «қиын-қыстау кезде ойлағаны пайда ғана» деген сөздер Айдын Рахымбаевтың ашуын келтірді. Сондықтан уақыт тапшылығына қарамастан, қытығына тигендерді қылмыстық жауапқа тартқызбақ.

Сондай-ақ Рахымбаев аурухананы өзіндік құнына салып, еш пайда көрмейтінін айтып отыр. Тіпті шығындарды тиынына дейін жариялап көрсетеміз дейді. Жалпы Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкентте аурухананы салуға 14 миллиард 800 миллион теңге бөлінгені белгілі. Қазір үш қалада жұмыс қыза түскен.

BI-Group -ты жемқор деп айыптағандардың кім екені әзірге белгісіз. Өйткені аккаунт өзгенің атынан ашылған. Яғни фейк. Оларды тәртіп сақшылары табуы тиіс. Ал кінәлары дәлелденсе 50 мың теге айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу