Ақтауда карантинге жабылған подьезд есігінің дәнекерленіп тасталғаны туралы бейнекөрініс жұрттың жағасын ұстатты. Ол аздай, осы үйге келген қонақтың бірі сыртқы кіреберістің тастай бекітіліп жатқанын көре сала 3-қабаттан секірген. Кейін оның мас болғаны анықталды. Қашып кеткен ол көп ұзамай дәрігерлер көмегіне жүгініп, ауруханаға өзі барған.
Карантиннен қашамын деп мүгедек бола жаздаған азамат Бейнеу ауданының тұрғыны болып шықты. Ол қазір ауруханада жатыр. Жағдайы орташа ауыр. Осы подъезден коронавирус дертін жұқтырған науқастар анықталған кезде, ол пәтерлердің бірінде қонақта болған. 14 күнге қамалатынын естіп, мына 3-қабаттан секіріп қашпақ болды.
Карантин тәртібін бұзған бұл азаматқа қатысты тәртіп сақшылары оның қазіргі жағдайын ескеріп әкімшілік жаза қолданбады.
Жалпы Маңғыстауда коронавирус індетін жұқтырған кейінгі екі науқас - осыдан 3 күн бұрын вирус анықталған қызылордалық ерлі-зайыптылармен қарым-қатынаста болған. Өкініштісі, науқастар Ақтауда 138 адаммен, оның ішінде 23-імен тікелей байланыста болған. Әзірге аймақта 5 адам індет жұқтырған. Өңірде бүгіннен бастап карантин режимі күшейтілді.
Аягөз ОАРЛБАЙҚЫЗЫ