Шымкентте қауіпті індет жұқтырғандар саны 14-ке жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте қауіпті індет жұқтырғандар саны 14-ке жетті

06.04.2020

Шымкентте қауіпті індет жұқтырғандар саны 14-ке жетті. Ауруханаға соңғы жатқызылған науқас 24 жастағы бойжеткен. Ол Жетісай қаласындағы тіркелген науқаспен 23 наурыз күні пойызда бірге келген. Ал осы науқастың алдында ғана ауруханаға жатқызылған ер адам кеселден айыға алмаған күйі көз жұмды. Шаһар аумағында індеттің таралуына себепші болған негізгі ошақтары анықталып, қаланың 10 аумағы оқшауланды.  

Қазір қаланың екі шағын ауданы, 3 көшесі мен бірнеше көпқабатты тұрғын үй карантинде. Одан бөлек 3 медициналық мекеменің де маңайына жолауға болмайды. Ол жақтан ешкімді шығармайды. Аумақтарды күзетуге полициямен қатар 300-ден астам сарбаз жұмылдырылған.

Індеттен көз жұмған азамат 56 жастағы Мақтарал ауданының тұрғыны. Жүк тиелген көлігімен Ресейге бара жатқан жүргізушінің сырқат екені Шымкентте анықталып, ауруханаға жатқызылған. Күшейтілген реанимациялық көмек берілгенімен науқас кеселді жеңе алмады. Оның қант диабеті мен жоғары қан қысымы болған. Сондай-ақ бір жыл бұрын туберкулез диагнозымен ауруханада ем қабылдап шыққаны анықталды. Марқұмның денесі эпидемиологиялық талапқа сай жерленді.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу