Мезгілінен бұрын каникул жарияланбайды

03.04.2020

Сабақ жаз айларына ауыссын! Әлеуметтік желіде осындай мазмұндағы ұсыныс-тілектер көбейіп кетті. Кейбірі тіпті, балаларын онлайн оқыту үшін компьютер, телефон алып, қып-қызыл шығынға батып жатырмыз деп налыды. Бұған білім және ғылым министрлігі өкілдері не дейді?

Бірі сабақты жазға қалдыруды ұсынса, басқалары келер оқу жылын 1 айға ерте, яғни, тамыз айынан бастауды жөн көріп отыр. Ал онсыз да карантин кезінде біраз отбасылар табыссыз қалғаны белгілі. Біраз ата-ана несиеге смартфондар алып жатса керек.

«Бұл онлайн оқыту емес, қашықтықтан білім беру. Сондықтан, интернет жүйесінің жеткіліксіз болуы сабаққа әсер етпейді. Әр мектеп өз жағдайына байланысты, қолайлы форматта сабақты жалғастырады» деді бүгінгі брифинг барысында министр Асхат Аймағамбетов. Сол себептен 4 тоқсанды тоқтатып, каникул жариялауға негіз жоқ деп отыр.

Бір ғана «Күнделік» электрондық журнал жүйесінде осыған дейін 6 мың оқушы болса, қазір 2 миллион 300 оқушы тіркелген. Бұл оқушылар мен ұстаздардың 70 пайыздан астамы қамтылып отырғанын көрсетеді. Ал ата-аналарға мәжбүрлі түрде электронды құрылғы алуға ешкім күштемейді. Мүмкіндігі жоқ отбасылардың барлығы қажетті техникамен қамтамасыз етіледі. Сондықтан мезгілінен бұрын каникул жарияланбайды.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу