Ел аумағында эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты бірнеше ірі қалада шектеу енгізілді. Індеттің таралуына жол бермеу мақсатында шаһарларға кіретін жолдар бақылауға алынды. Қоғамдық орындарда, сауда үйлерінде барынша сақтық шаралары орындалуы тиіс.
Петропавл аумағына 9 блокпост қойылып, 1 сәуірден қала ішінде қозғалыс шектеледі. Және ауданаралық көлік қатынасы да азаймақ.
Шымкент қаласы аумағына тағы да қосымша шектеулер енгізілді. Көшеге шыққандарға бетперде кию міндеттелді. Бүгіннен бастап қаланың кіреберіс жолдарының барлығы жабылып, тек транзитті көліктер мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мамандардың ғана жүруіне рұқсат етілді. Халықаралық көлік дәлізінің Шымкент арқылы өтуі сақтық шараларын күшейтуге мәжбүрлейді. Өйткені бір тәуліктің ішінде шаһар арқылы 200 мыңнан астам көлік әрі-бері қатынайды.
Сондай-ақ Өскемен мен Семей қаласында 1-інен 2-сіне қараған түні, ал Павлодарда бүгін түнде эпидемиологиялық жағдайға байланысты шектеу енгізілді.
Әзірге бұл қалаларда да науқастар саны екіден аспайды. Сондықтан жергілікті билік өкілдері сақтық шараларын күшейтіп, сауда орындары мен қызмет көрсету орталықтарының жұмыстарына, көлік қатынасына барынша шектеу қойып отыр.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ