Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай мен карантин кезінде күн демей, түн демей еңбек етіп жүрген медицина және күштік органдардың қызметкерлеріне алғысын жеткізді. Президент сын сағаттағы елорданың әзірлігін өзі бақылап отыр. Қазіргі ахуалмен танысу үшін Нұр-Сұлтан қаласына кіреберістегі Жібек жолы ауылындағы бекетке барды.
Еліміздің бас дәрігері науқастардың 80 процентінің жағдайы жеңіл, 15 проценті орташа дейгейде екенін жеткізді. Яғни, арнайы бір емдеудің қажеті жоқ. Қалада 3000 науқасқа орын әзірленіп қойған. Алда-жалда індет жайылып кетсе, науқастармен қарым-қатынаста болғандар үшін 13000 орын қарастырылған. Дәрі бар. ДДСҰ-ң ескертулері де ескерілген.
Аулақ қылсын, дегенмен, Мемлекет басшысы кез келген жағдайдайға дайын болуды тапсырды. Дертпен бірге келген дағдарыс та назарда болуы тиіс. Ол үшін Президент мобильді экономиканы қосуды жүктеді. Ал қозғалысы шектелген қос қала тұрғындарын бұл жағдайға түсіне қарап, төзе білуге шақырды.
Альбина ӘШІМ