Коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне Бельгия халқы ерекше құрмет көрсетті. Брюссель қаласының тұрғындары жергілікті уақытпен кешкі сағат 8-де балкондарына шығып, дәрігерлер мен медбикелердің құрметіне қол соғып, қошемет білдірді. Әлеуметтік желі арқылы көтерілген бастаманы шаһар тұрғындары бірауыздан қолдап, енді күнде кешкі сегізде осылай шапалақ ұрып, ақ халаттыларға рухани дем беруге уағдаласты. Өткен бір тәулікте Бельгияда коронавирусты 243 адам жұқтырып, індеттің құрығына ілінгендердің саны мың жарымға жетті.