Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Қатерлі вирус өршіп, халықтың сыналар сәтінде қайырымдылық деген қағида естен шыққан жоқ. Бұл сөзімізге көпшіліктің игі істері дәлел. Бірі дәрігерлерге миллиондап ақша бөлсе, енді бірі шамасы келгенше қолдан маска тігіп тегін таратып жүр.
Вирус жұқтыру қаупі жоғары ортада жүрген ақ халаттылардың еңбегі ерен. Жанашырлық танытқан Халық банкі дәрігерлерге 100 миллион теңге аударды. Іле-шала бұл бастаманы Bi Groupтің басшысы Айдын Рахымбаев қолдап, медицина мамандарына қаржылай қолдау көрсетті.
Бизнес өкілдері ғана емес, қарапайым жастар да жақсылық жасауға жұмылды. Маска тапшылығын ескерген олар «Біз біргеміз!» қайырымдылық шарасын бастап, бетперде тігуге кіріскен.
Қолдан келсе тігуге, тіпті тіктіртуге де болады. Біздің әріптесіміз, «Ашық алаң» ток шоуының жетекшісі Айзада Жаманқұлова 200-ге жуық, бетпердені тапсырыспен тіктіріп, ұжымындағы 20 қызметкерден бөлек, көшедегі адамдарға тегін таратты.
Тұңғыш президенті кеңсесінің қызметкерлері болса, бір күндік жалақыларын короновирустен емдеу орталығына аударда.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ