Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимі енгізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимі енгізілді

17.03.2020
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимі енгізілді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай мен ахуал туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев және ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин баяндады. 

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында COVID-19 таралуының күрделі жағдайын ескере отырып, сондай-ақ Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында Мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қосымша шектеу, алдын алу және эпидемияға қарсы шараларды енгізу туралы шешім қабылдады.

Биылғы 19 наурызда сағат 00:00-де енгізілетін шаралар мыналарды қамтиды: 

- карантинді енгізу және ауқымды санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру; 

- карантин аймағының периметрін белгілеу және оған кіру/одан шығу пункттерін анықтау; 

- адамдардың қозғалысын, сондай-ақ көлік құралдарының кіріп/шығуын шектеу; 

- үш санат: ауруды жұқтырғандар, инфекцияға күдіктілер, карантиндегілер санаты бойынша арнайы емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету; 

- халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру және тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс істеуіне оңтайлы болуы үшін, азаматтардың қозғалысын шектеу үшін қалалар аумағының секторларын және олардың шекараларын анықтау; 

- қоғамдық көлік қозғалысын күндізгі уақытта тоқтата тұру немесе шектеу және түнгі уақытта тоқтату; 

- азық-түліктік емес сауда базарларының жұмысын, азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттарды сататын нысандарды қоспағанда, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын уақытша тоқтата тұру; 

- санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды күшейте отырып, «клиенттерге дейін жеткізу» қағидаты бойынша қоғамдық тамақтану нысандарының жаңа жұмыс режимін белгілеу; - ХҚКО-ның жұмыс режимін қайта ұйымдастыру; 

- карантиндік аймақтардағы халықтың және әрбір сектордың азық-түлік өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, тіршілікті қамтамасыз ету заттары мен алғашқы қажеттілік тауарларына тәулік сайынғы қажеттілігін анықтау; 

- карантиндік аймақтың әрбір секторы үшін қоғамдық көлік қозғалысын барынша шектеуді ескере отырып, сауда және азық-түлікпен әрі алғашқы қажеттілік тауарларымен қамтамасыз ету орталықтарын анықтау; 

- ұйымдастырушылық сипаттағы басқа да шаралар.

Хабарламаларға жазылу