Алматы маңындағы Көкөзек су қоймасында балықтар жаппай қырылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы маңындағы Көкөзек су қоймасында балықтар жаппай қырылып жатыр

03.03.2020

Ал Алматы маңындағы Көкөзек су қоймасында балық қырылып жатыр. Жалға берілген шағын ғана көлдің жағасы кешелі бері өлексеге толған. Алайда, су жәндіктерінің неден қырылғанын ешкім нақты айта алмай отыр. Дегенмен, көл шамадан тыс тартылып, оның үстіне қалың мұз қатқан. Соның салдарынан жәндіктерге ауа жетпеді деген болжам бар. Ал қараусыз қалған қоймада қазір экологтар мен өзге де мамандар зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бұл көл өткен жылы "Алтынкөл демалыс аймағы" атты мекемеге жалға берілген. Алайда олармен байланыс орнату мүмкін болмай отыр. Дегенмен балық қырылған аумақта экологтар мен әкімдік өкілдері таңнан бері су бетіндегі балықтарды жағаға шығарып, тазалау жұмыстарын жүргізуде.

Қазір көлден сынама алынып, арнайы зертханаға жіберілген. Ал қоймада нақты қанша балық қырылғаны белгісіз. Мамандар оны алдағы уақытта есептеп, тиісті орындарға жеткіземіз деп отыр.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу