Елордада өткен Әлем чемпионатында біздің грек-рим күресі шеберлері Олимпиадаға 2 жолдама ұтып алған еді. Қазір білекті палуандар жаттығуды күшейтіп, Токиоға дайындықты ширата түсті. 8 наурызға дейін ұлттық құрама спортшылары Грузия жерінде оқу-жаттығу өткізеді. Одан кейін лицензиялық жарыстарда тағы 3 жолдамаға қол жеткізіп, толық құрамда олимпиадаға баруды көздейді. Нұр-Сұлтан қаласында өткен жарыста 60 келі салмақтағы Мейрамбек Айнақұлов пен 77 келіде күрескен Асхат Ділмұхамедов жүлделі орындарға ие болған. Құраманың көшбасшылары да осы палуандар. Алайда бұл олардың Токио ойындарына қатысуына кепілдік бермейді. Бабы келіп тұрса да бапкерлер басқа спортшыларды таңдай алады. Сол себепті грек-рим күресінің шеберлеріне босаңсуға әсте болмайды.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ