АҚШ пен НАТО Ауған елінен әскерилерін шығару туралы Талибанмен келісімге келді

02.03.2020

АҚШ әскерінің Ауғанстанды тастап кетуі Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы қауіпсіздікке кесірін тигізуі мүмкін. Қазақстанның Ауғанстандағы бұрынғы елшісі болған Өміртай Бітімов осындай пікір айтты. Ауған территориясында 20-дан астам ислами қозғалыстар бар. Олардың ішінде, Аль-кайда, Дайш секілді Қазақстанда тыйым салынған ұйымдар да бар. АҚШ және НАТО жасақтары Ауғанстанда белгілі уақытқа қалады. Сондықтан түбегейлі өзгерістер жақын арада бола қоюы екіталай. Дегенмен, сарапшылар Қазақстан әр түрлі сценарийлерге дайын болу керек деп санайды. Соның ішінде террористік қауіптің өсуі немесе есірткі тасымалының өршуі ықтимал. Қазір, Қазақстанда мыңнан астам Ауған студенттері білім алып жүр.

Өткен сенбі АҚШ пен «Талибан» бейбіт келісімге келді. Катар астанасы Дохада қол қойылған құжатқа сәйкес, Құрама Штаттар мен НАТО әскері Ауғанстаннан 14 айда шығарылуы тиіс. Сонымен қатар, Вашингтон террористік деп таныған топты санкциядан босатып, елдің ішкі саясатына араласпауға уәде беріп отыр. Ал «Талибан» ел аумағында шабуыл жасамауға және ауған үкіметінің қамауындағы 5 мың тәліпті қауіпсіздік күштерінің 1 мың қызметкеріне айырбастауға келісті.

Ғабит БӨКЕНБАЙ


Хабарламаларға жазылу