Кәріз желісіндегі апаттың салдарынан Орал қаласындағы бірнеше шағынаудан мен жақын маңдағы 4 ауыл әлі сусыз отыр. Жергілікті билік кешелі бері 74 мың тұрғынға суды тасымалдауға мәжбүр. Апат салдарын жоюға қаладағы барлық коммуналдық мекеме жұмылдырылған.
Мамандар апат орнында күні-түні жұмыс істеп жатыр. Сонда да 7 метрлік тереңдіктегі 200 метр құбырды ауыстыру оңайға түспей тұр. Әуелі кәріз сулары арнайы көліктермен тасылып, далаға ағызылды. Алайда араға тәулік салып жер опырылып, құбыр толық істен шықты. Салдарынан сарқынды су жақын маңдағы саяжайларға жайылды.
2009 жылы ғана төселген кәріз желісі бұған дейін де бірнеше рет істен шықты. Бұл жолы да шыныпластик құбыр ылғалды топырақтың қысымына шыдамағанын айтады мамандар.
Бас аяғы 5400 метр құбыр ауыстырылмақ. Ал бүгін кешкісін коммуналдық мекеме ауыз суды бере бастаймыз деп сендіріп отыр.
Рауан ДИӘЛИ