Қарағанды облысындағы 174 елді мекенді су басуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысындағы 174 елді мекенді су басуы мүмкін

27.02.2020

Бұл әр жылдары қызыл су шайған ең қауіпті тұрғылықты аумақтар,-дейді мамандар. Өңірдегі Нұра, Шерубай-Нұра, Сарысу, Тоқырауын, Талды өзендеріндегі су мөлшері жылдағыдан 68 пайызға дейін жоғары. Осыған орай үлкен су қоймаларын ең төменгі шекті мөлшерге дейін ортайту жұмыстары басталды. 

Қауіп басым елді мекендер маңындағы өзен жағалары мен жал бөгеттер бекітіліп, арықтар, көше қарлары тазартылуда. Алдын-алу шаралары «Көктем-2020» командалық-штабтық оқу-жаттығу кезінде пысықталды. Облыс бойынша қосымша 2 миллиард теңге қарастырылған. Жеке құрамның 2,5 мың адамы және арнайы техника жасақталған. Қалалар мен ауылдық елді мекендер маңдарына 231 жылыту бекеттері қойылмақ. Су шаюы мүмкін деген 39 жол учаскесі анықталып, олардың бойындағы суағарлар мен көпірлер қардан аршылуда. 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу