Қытайда 1890-ға жуық адамның өмірін жалмаған коронавирустан Ухань қаласы госпиталінің директорының өзі де қайтыс болды. Осылайша, 51 жастағы Ли Циминь жұмбақ пнемониядан жан тәсілім еткен алғашқы медициналық мекеме басшысы атанып отыр. Мұны «Рейтер» агенттігі Қытай мемлекеттік телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.
Ақпанның 11-де ресми Бейжің таратқан мәліметтерге қарағанда, Қытайда 1700-ден астам медициналық қызметкер коронавирус жұқтырды. Солардың алтауы көз жұмған.
Елдің ауылшаруашлығы министрлігі өкілдерінің болжамынша, «COVID-19» вирусы құс өсірушілер мен жұмыртқа саудасына екінші және үшінші тоқсанда үлкен соққы беруі мүмкін. Қытайда қазірдің өзінде тасымалдаушыларға шектеу қойылып, ресторандар мен асханалар жабылып жатқандықтан, мұндай өнімді өткізу қиынға соғып отыр.
Арыстан РЫСБЕК