Қ.Тоқаев «Birgemiz» атты волонтерлар фронт-офисінің ашылу рәсіміне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қ.Тоқаев «Birgemiz» атты волонтерлар фронт-офисінің ашылу рәсіміне қатысты

12.02.2020

Енді елімізде волонтерлардың еңбегі еленеді. Бұдан былай олардың жұмысы еңбек өтілі ретінде есептеледі. «Біргеміз» республикалық фронт-офисінің ашылуына келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты. Ал сондай адал қызмет жасап жүргендердің жолына тұрғандарға жаза қатаң екенін ескертті.

Бұл ізгіліктің нұры төгілген бірнеше мысал ғана. Осындай қайырымдылықтың көшіне ілескен істердің қатарын көбейту үшін Президент биыл волонтерлар жылын жариялады. Өйткені қазір елімізде қарекет етіп, көпке берекет жасап жатқандардың ресми саны 16 мың. Оларды біріктіріп отырған ұйымдардын қатары 200-ден сәл асады. Ал Франция халқының тең жарымы – волонтер. Бізге де қатарын көбейту керек-ақ.  

Ал, осы салада белсенді қызмет етіп жүргендердің қатары 50 мың. Бірақ олардың көбі ресми тіркелмеген. Енді олар бүгін ашылған фронт-офисқа келіп, есепке тұруларына болады. Әрі мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірінде ашылады.

Қамқорлық қазақта әуелден бар. Асар жасап, зекет беріп, халықтың мұң-мұқтажына, қажетіне көп болып қауымдасып үлес қосады. Қазір де солай. Енді мұндай жандарға мемлекеттен қолдау күшейеді.

Бұдан бөлек, Президент әкімдіктерге қосымша гранттар бөлуді тапсырды. Ал ең бастысы еңбегімен ерекшеленген волонтерлар мемлекеттік наградаларға ұсынылады.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу