Уханьдағы 8 қазақстандық студент Ресей мен Өзбекстанға арнайы рейспен жеткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Уханьдағы 8 қазақстандық студент Ресей мен Өзбекстанға арнайы рейспен жеткізілді

05.02.2020

Уханнан тағы 8 қазақстандық қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Олар Ресей мен Өзбекстанға жеткізіліпті. Бес азамат Ташкентте, ал қалған үшеуі Түмен қаласында екі апта бойы дәрігерлердің бақылауында болады.

Олардың арасында осыған дейінгі эвакуация кезінде дене қызуы болып, Қытайдың эпидемиологиялық мамандары жібермей қалған Яньцзы университетінің бірінші курс студенті де бар. Бортқа отырғызбас бұрын жолаушылардың барлығы медициналық тексеруден өткізіліпті. Дене қызуы немесе коронавирус симптомдары бар адамдар анықталмаған. Бүгінгі күнге дейін ЖРВИ белгілері бар 104 адам ауруханаға жатқызылып, оның 71-і үйлеріне шығарылды. 33 науқас стационарда. Ал көрші мемлекетке келген отандастарымыз жіті қадағалауда болады.

Қазақ Үкіметі жұқпалы вирустың Қазақстанда тарап кетпеуі үшін барлық амалдарды жасап жатыр. Коронавируспен күрес шараларына 3,5 миллиард теңге бөлініпті. Мұны бірінші вице-премьер, Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты. Бұл қаржыға қажетті дәрі-дәрмек, бетперделер мен құрылғылар сатып алынады.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу