Түркиядан Қазақстанға 64 адам эвакуацияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркиядан Қазақстанға 64 адам эвакуацияланды

09.02.2023

Түркиядағы жер сілкінісі болған аймақтардан отандастарымызды елге қайтару жұмысы жалғасып жатыр. Алапат зілзаланың ошағы болған қалаларда жүріп-тұру әлі де қауіпті. Сол себепті Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен жерлестерімізді эвакуациялау жұмысы қолға алынды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

– Апат болған аймақтан отандастарымызды елге қайтару жұмысы жалғасып жатыр. Кеше арнайы бортпен 18 адам келген еді. Екеуі – Қырғызстан азаматы. Бүгін таңғы сегізге таяу екінші ұшақ елорда әуежайына қонды.

Баян Белгібаева 2 жылдан бері отбасымен бірге Түркияда тұрып, жұмыс істейді. Жер сілкінген күні қайда барарымызды білмей қалдық дейді. Ғимарат іші қауіпті. Үйіндінің астында қаламыз ба деп уайымдаған ол суық күнде бала-шағасымен далада түнеген.

Баян Белгібаева, Қазақстан азаматы:

- Кеше әуежайда тұрғанымызда жер сілкінді. 2-3 сағат сайын сілкініп отырады. Далада қалдық. Бала-шаға бар, үйге кіре алмайсың. Біздікі 6 қабат. Кіруге қорқасың.

Арнайы рейспен Мерсин қаласында оқып жүрген бір топ студент те келді. Қазір сабақ уақытша тоқтатылған. Олар тұрып жатқан жатақхананың қабырғасы жарылып, қауіп төндіріп тұр екен.

Санжар Таласбаев, студент:

- Консулдағылармен сөйлестім. Көмек беріп жатыр екен. Содан бәріміз бірге қайттық. Қателеспесем, бірінші сілкініс таңғы 4-те болған еді. Барлығын шығарып, эвакуация болды. Біртүрлі болып қалдым, себебі бұрын мұндайды көрмеген едім.

Екінші рейспен барлығы 64 адам Астанаға келді. Олардың 22-сі – Қырғызстан азаматы. Қазақстанға келіп, қауіпсіздікті сезіндік, дейді олар.

Бермет Қарабашова, Қырғызстан азаматы:

- Қазақстандықтарға чоң рахмат. Абдан бізге аямай биринчи болып суюнду. Бірақ қайра ол жерге бару қауіпті. Қайра ол жерде жашау. Пока Қырғызстанда тұрып тұра ала дедік.

Елге қайтқан азаматтарды Астанадағы бірнеше қонақ үй қарсы алды. Олар өңірлерге аттанбай жатып осында тыныға алады. Апат ошағынан келгендер сырт елде, қиындық құрсауында қалдырмаған ел билігіне алғысы шексіз екенін айтады.

Ш.Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу